Маңғыстау облысында 300 келіден астам бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Облыстық Полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері келіп түскен жедел ақпарат бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақтау қаласындағы 26 шағын ауданда Lexus маркалы автокөлігін тоқтатқан.
Автокөлікті тексеру барысында 76 дана бекіре тұқымдас балықтар табылды, олардың жалпы салмағы 302 келіні құрады.
«Аталған факт Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) тіркелді. 32 жастағы азамат пен 44 жастағы азаматшаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді» делінген полиция мәліметінде.