Майқайың-Алтын ұғңымасында жоғалып кеткен Айдос Шаймерденнің әйелі мен баласы Астанаға келген. Олар, әлі де іздестіру жұмыстарын жалғастыруды сұрайды. Жалғыз баласын жерлей алмаған әкесі, екі рет инсульт алып, денсаулығы нашарлаған.
“Күніміз бен түніміз жылаумен өтеді. Қарт әкесі инсульт алған, ал анасының қан қысымы көтерілген. Жалғыз ұлы жоқ. Оны дұрыстап жерлей де алмаймыз”, – деп жылайды марқұмның әйелі Нұрсұлу Шаймерден.
Айта кетейік, құтқарушылардың жалақысы әлі де түсіп жатыр. Бірақ оған туыстары разы емес. Өйткені, адамның ең болмағанда денесін іздеу қажет деп отыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі де іздеу жұмыстары қашан жалғасатынын айта алмай отыр. Қазба жұмысының тоқтағанына бір ай өтсе де, сараптама жасалмаған.
«Екі жақ сараптама жүргізіп, құтқарушылар үшін қазба жұмыстары қаншалықты қауіпсіз екені туралы шешім қабылдауға тиіс. Сарапшылар қауіп жоқ деп шешсе, әрине, іздеу жұмыстары қайта жанданады», – дейді Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов.
Естеріңізге сала кетейік, 4 қаңтарда Павлодар облысында “Майқайың-Алтын” АҚ аумағында төрт жолаушысы бар автобус шұңқырға құлап, екі адамның денесі сол күйі табылмаған болатын. Бірі, құтқарушы, екіншісі жүргізуші.