Майқайың кенішінде қаза тапқан құтқарушының туыстары, моральдық шығын өндіріп алу үшін сотқа жүгінген болатын. Нәтижесінде, қаза тапқан құтқарушы Олег Тышкевичтің анасы, қызы, ұлы және әпкесі 30 млн теңгеден, жалпы 120 млн теңге өндіріп алды. Моральдық залал ретінде оларға келтірілген моральдық азап, қазаның ауырлығы мен жерлеу кезінде марқұммен қоштасу мүмкін болмауы, жұмыс берушінің көңіл айтып, қолдау көрсетпеуі танылған.
Айта кетейік, бұған дейін кеніш апатына жұмыс беруші “Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі” ЖШС 100% кінәлі деп танылған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы жағдай 2024 жылы 4 қаңтарда Павлодар облысының Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының жанында тазарту кеңістігіне 4 жолаушысы бар автобус құлаған болатын. Сол күні ТЖД құтқарушылары қайтыс болған екі адамның денесін тапқан еді. Араға бірнеше ай салып екі адамның денесі шығарылды.