Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті вейптердің, хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер өз қылмыстық әрекетін жасыру мақсатында вейп өнімдерін «Telegram» мессенджеріндегі онлайн-дүкендер арқылы сатқан. Тапсырыстар курьерлік қызмет арқылы жеткізілген.
Сонымен қатар, топ мүшелері қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру үшін дропперлер — яғни жалған тұлғалар атына рәсімделген банк карталарын пайдаланған. Осы карталар арқылы ірі көлемдегі қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, қаржының заңсыз шығу тегі жасырылған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында вейп сақталған қоймалар мен сату орындары анықталып, қомақты көлемде тауар тәркіленді. Атап айтқанда, жалпы құны 1,6 миллиард теңгеден асатын 155 мыңнан астам вейп пен олардың бөлшектері алынған.
Қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу мақсатында жалпы құны 37 миллион теңге болатын үш автокөлікке — Chevrolet Camaro, Toyota Land Cruiser және Toyota Highlander — тыйым салынды.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы қамауға алынды.
Мамандардың айтуынша, вейптердің кәмелетке толмағандар мен студенттер арасында кеңінен таралуы алаңдатарлық жағдай. Бұл олардың денсаулығына тікелей қауіп төндіреді, себебі вейп құрамындағы химиялық заттар жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесіне зиян келтіріп, инсульт, инфаркт және өзге де ауыр аурулардың пайда болу қаупін арттырады.