Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пара биатлоннан әлем чемпионы Ербол Хамитов, күміс жүлдегер Александр Герлиц және ұлттық құраманың бапкерлерімен кездесті. Министр спортшыларды халықаралық аренадағы тарихи жетістіктерімен құттықтап, бұл жеңістің отандық спорт үшін маңызын және елімізде паралимпиадалық спортты дамыту Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін атап өтті.
Пара биатлоннан 2024/2025 жылғы маусым қорытындысы бойынша жерлесіміз Ербол Хамитов әлем чемпионаты және Әлем кубогі жарыстарында 3 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль олжалап, ел спорты тарихында 31 жылдан кейін алғаш рет «Хрусталь глобусын» иеленді деп хабарлады ҚР Туризм және спорт министрлігі.
Ал LW6 санатында өнер көрсететін Александр Герлиц күміс медаль жеңіп алып, әлемдік рейтингте үздік жеті спортшының қатарына енді.
«Сіздерді пара биатлоннан әлем чемпионаты мен Әлем кубогі кезеңдеріндегі жарқын жеңістеріңізбен құттықтаймын! Бұл – отандық Паралимпиада спорты үшін тарихи оқиға. Сіздердің жетістіктеріңіз – қажырлы еңбектің, табандылықтың және жеңіске деген ұмтылыстың нәтижесі. Бұл жетістіктер отандық спорт үшін ерекше маңызға ие және 2026 жылғы Паралимпия ойындарына барар жолдағы маңызды қадам. Біз сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтамыз және алдағы уақытта жанкүйерлерді жаңа жетістіктермен қуантады деп сенеміз!», – деді Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, пара спортшылардың әлем чемпионаты мен Әлем кубогі кезеңдерінде жинаған рейтингтік ұпайлар 2026 жылғы Паралимпия ойындарына іріктеуде маңызды рөл атқарады.
Кездесу соңында министр Ербол Хамитов пен Александр Герлицке Құрмет грамотасын, ал бапкерлерге Алғыс хаттар табыстады.