Сәуір айында Руслан Берденовке әкімдік ғимаратының жанында бірнеше рет оқ атылған болатын. Осы іске байланысты мамандандырылған ауданаралық сотта алғашқы отырыс өтті.
Айыпталушы — 31 жастағы Ернар Жиенбай, бұрынғы «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры. Оған адам өлтіруге оқталу бабы бойынша айып тағылып отыр.
Прокурордың мәліметінше, Жиенбай өзін жұмыстан шығаратынын білген. Осыдан кейін арақ ішіп, аңшы мылтығын алып, әкімдікке келген. Ол Берденовті күтіп тұрып, кешкі сағат 9 шамасында оған бес рет оқ атқан. Соңында қорытынды оқ атпақ болған уақытта оғы таусылып қалған. Салдарынан, әкім орынбасары ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Берденовтің адвокаты істі Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабынан, «Бұзақылық ниетпен адам өлтіру» бабы бойынша қайта саралауды сұрады. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Келесі сот отырысы 6 тамызда өтеді.