Жамбыл облысы марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеуді аяқтаса, Түркістан облысы соңғы кезеңге жетті.
Бұл деректер 27 мамырда Премьер-министр орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен шегірткеге қарсы күрес жөніндегі республикалық штабта айтылды.
• Жамбыл облысында мароккалық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу аяқталды.
• Түркістан облысында өңдеу жұмыстары аяқталуға жақын, барлығы 370,6 мың гектар жер өңделді.
• Үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу Абай (4 мың га), Ақмола (6 мың га), Ақтөбе (51,9 мың га), Алматы (6,3 мың га), Атырау (10,1 мың га), Шығыс Қазақстан (1,4 мың га), Жетісу (21,8 мың га), Батыс Қазақстан (16,2 мың га), Қарағанды (4,5 мың га), Қостанай (40,6 мың га), Ұлытау (1,8 мың га) мен Қызылорда (13,1 мың га) облыстарында да жүргізіліп жатыр. Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысында италиялық прусқа қарсы шаралар өңделетін алаң анықталғаннан кейін басталады.
Сандар мен техника:
• Шегірткенің пайда болу орнын анықтау үшін 4,1 млн га жер зерттелді. Дернәсілдер қоныс тепкен жалпы аумақ 1,1 млн га.
• 596,3 мың га жер химиялық өңдеуден өтті.
• 443 техника жұмылдырылды, оның ішінде 49 дрон және 31 ұшақ бар.
• Алғаш рет ауқымды түрде агродрондар қолданылып жатыр — олардың тиімділігі дәлелденді.
Күтілетін жағдай:
• 2025 жылы шегірткемен зақымдану 2,1 млн га жерді қамтиды деп болжануда (2024 жылмен салыстырғанда 1 млн га кем).
• Химиялық өңдеу бюджет есебінен қаржыландырылады — 7,1 млрд теңге.
• Жергілікті жерлерде жұмыс жедел штабтар арқылы үйлестіріледі.
• Қызылорда облысында қатты желдің және шегіртке дернәсілінің адам аяғы жетпейтін жерге ұялауының салдарынан химиялық өңдеуге әуе техникасының шамасы жетпеуде.
Маусым әлі де шарықтау шегінде. Егінді қорғау үшін жұмыс тәулік бойы жалғасуда.