Шымкентте ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі 114,4 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,3 млн. АҚШ долларына артқан. Ал тамақ өнімдерінің негізгі капиталына тартылған инвестицияның көлемі 2,3 млрд. теңгені құраған.
Бұл туралы қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Абунасыр Жанбатыров қала әкімі Мұрат Әйтеновке есеп беру кезінде айтты.
Басқарма басшысының айтуынша, тек тамақ өнеркәсібіне тартылған инвестиция өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 есеге өскен.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 30 мың га егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. 6 айда 40,7 мың тонна өнім жиналды, жыл соңына дейін 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Ал мал шаруашылығында ірі қара мал саны 79,7 мың басты, қой мен ешкі саны 71,8 мың басты, жылқы – 14,4 мың, құс 977,6 мың басты құрап отыр. 6 айда қалада 5,3 мың тонна тауық еті, 27,1 мың тонна сүт, 69,1 млн дана жұмыртқа өндірілген.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша құны 11 млрд. теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске асады. Атап айтсақ: қайта өңдеу 3 жоба, өндірістік жылыжай кешені 4 жоба, сақтау қоймасы 2 жоба, тауарлы сүт фермасы 2 жоба, құс шаруашылығы 3 жоба. Нәтижесінде жаңадан 274 жұмыс орны ашылып, қалада көкөніс өндіру көлемі – 2 мың тоннаға, сүттің көлемі – 8,5 мың тоннаға, жеміс-көкөністерді сақтау 13 мың тоннаға, жұмыртқаның саны – 125 млн.дана, сүтті қайта өңдеу саласы – 2,7 мың тоннаға, құс етін өндіру – 5 мың тоннаға ұлғаяды және жеміс/көкөністерді қайта өңдеу – 6 млн. банка консервілейді.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі азық-түлік бағасын үнемі бақылауда ұстап, ет өнімдерін арттыруға бағытталған шаруашылықтардың өнімдерін делдалсыз саудалау үлесін арттыруды тапсырды.