Шымкент қаласында тыйым салынған интернет-ресурстарды жарнамалаған тұрғын ұсталды. Бұл оқиға қалалық прокуратура бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Құқықтық тәртіп және тазалық» жобасы аясында әшкереленді. Жобаға белсенді атсалысып жүрген коммуналдық қызмет өкілдері – «Тазалық сақшылары» құқық бұзушылықпен күреске өз үлесін қосып келеді.
Олардың қырағылығының арқасында қала көшелерінде есірткі заттарын сататын интернет-дүкендердің сілтемелерін трафарет пен аэрозоль бояу арқылы жазып жүрген 28 жастағы қала тұрғыны қолға түсті.
Тергеу барысында ер адам қаржылық қиындықтарға тап болғандықтан, Telegram мессенджері арқылы қосымша табыс табу жөніндегі күмәнді хабарландыруға келісіп, белгісіз тапсырыс берушіден нұсқаулар алғаны анықталды. Ол түнгі уақытта қала аумағында тыйым салынған сілтемелерді жазумен айналысқан.
Сот үкімімен азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы 2-бөлігіне сәйкес, есірткі құралдарын заңсыз жарнамалағаны үшін 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.
Құзырлы органдар тұрғындарды қырағылық танытуға шақырады. Егер күдік тудыратын жазбалар, жарнамалар немесе басқа да құқықбұзушылық белгілерін байқасаңыз, бірден 102 нөміріне хабарласыңыз.