Шымкентте медицина мекемесіне жеткізілген пациент аурухана қызметкерлеріне тап берді.
Желіде ер адамның ақ халаттыларға бейәдеп сөздер айтып, шабуыл жасаған сәтінің видеосы пайда болды. Оқиға Шымкенттегі токсикологиялық орталықта орын алған.
Видеодан дәрігерлер науқасты тыныштандыруға тырысқанын байқауға болады. Алайда пациент оған көне қоймайды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға 21 қыркүйек күні сағат 19:50 шамасында гипербариялық оксигенация орталығында болған. Медицина мекемесіне 1995 жылғы азамат жедел медициналық жәрдем көлігімен жеткізілген. Туыстарының айтуынша, ер адам улы сұйықтық ішкен. Науқасты дәрігерлер тексеріп, психикалық қозу жағдайының болуына байланысты тыныштандыру, ем шараларын жүргізу мақсатында жансақтау бөлімшесіне кіргізген. Алайда науқас қарсылық білдіріп, медициналық қызметкерлерге күш көрсеткен. Орын алған жағдай байланысты 102 қызметіне хабар берілген.