Шымкентте жыл басынан бері тұрғын үйлердің терезесінен құлау фактілері бойынша 5 жағдай тіркелген. Барлық жағдайлар ата-аналардың немесе үлкендердің балаларды қараусыз қалдыруына және пәтерлердің терезелері ашық болуына байланысты орын алып отыр.
Ал биыл еліміз бойынша 102 бала терезеден құлап кеткен. Оның ішінде 7 бала қайтыс болған.
«Жыл басынан бері 112 шұғыл әрекет ету қызметінің кезекші пультіне 102 хабарлама түсті. Апат салдарынан жеті адам қайтыс болды, қалған 95-і әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Өткен жылы осындай 170 оқиға тіркелді», – деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Шымкент қаласы ТЖД ересектерден келесі ұсыныстарды ескеруді сұрайды:
-Үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмаңыз;
-Жиһазды терезелердің жанына қоймаңыз;
-Терезелер арнайы қорғаныс құрылғыларымен болуы керек;
-Бала оны өздігінен аша алмайтындай етіп терезе тұтқасын құлыптаңыз;
-Баланы терезеде тұруға және терезеден көшеде не болып жатқанын көруге үйретпеңіз, ол сіздің жоқтығыңызда қайталауы мүмкін.
Балалардың қауіпсіздігі тек сіздің қолыңызда!