«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы республикалық маңызы бар екінші қалада жаңа туған нәрестелерге қойылатын ең танымал есімдердің рейтингін жасады. Қыз балалар арасында үздік үштікке Адия-Бегім, Медина және Сафина есімдері кірсе, ұл балалар арасында Ақжүрек, Балмейір және Мұрагер есімдері ең көп қойылған.
«Азаматтарға арналған үкімет» филиалының мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласында 3 мыңнан астам ата-ана туу туралы куәлікті онлайн форматта рәсімдесе, 958 өтінім ХҚКО арқылы берілген.
«Онлайн қызметтердің енгізілуі туу туралы куәлікті алу процесін едәуір жеңілдетті. Бүгінде ата-аналар құжатқа өтінішті проактивті түрде, сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы да бере алады. Сонымен қатар, қызметті дәстүрлі тәсілмен – ХҚКО арқылы алу мүмкіндігі де сақталған. Бұл мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі», – деді АХАТ басқарма басшысы Ақбота Карнакбаева.
Сондай-ақ, Шымкентте туу туралы куәлікті салтанатты түрде табыстауға арналған «Салтанат залы» жұмыс істейді. Мұнда АХАТ қызметкерлерінің қатысуымен баланың алғашқы құжатын мерекелік жағдайда тапсыру рәсімдері өтеді.