Бұл туралы «Қазгидромет» РМК гидрологиялық болжам басқармасының басшысы Серік Ибраев мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешім елімізде қардың күрт еруіне байланысты болып отыр.
“Солтүстік және шығыс өңірлерде су тасқынының қаупі сақталады. Мысалы, Шығыс Қазақстанның солтүстік жартысында, таулы аудандарда және Солтүстік Қазақстан облысында қар жатыр. Жауын-шашын жауғаннан кейін қар ериді. Сондықтан бұл өңірлерде су басу қаупі сақталады”, – деді Серік Ибраев Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Қазақстанның су басқан аймақтарынан осы уақытқа дейін 96 472 адам эвакуацияланды. Оның 30 мыңнан астамы балалар.
“Су тасқыны басталғалы бері 96 472 адам, оның ішінде 31 640 бала құтқарылды. Уақытша орналасу пунктеріне 7 605 адам, оның ішінде 3 474 бала орналастырылды”, -деп хабарлады ТЖМ.
Сонымен қатар, су тасқыны барысында 8,5 млн астам текше метр еріген қар суы сорылды. Сондай-ақ, 1,3 млн қапшық және 1,1 млн тонна инертті материал төселді. Бұдан бөлек, барша азаматтардың көмегімен 2 750 тұрғын үй мен 1 816 аула аумағынан су бұрылғаны хабарланды.