Түркияның оңтүстігінде бүгін 6 балдық жер сілкінісі орын алды.
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының мәліметінше, магнитудасы 6 баллға жеткен жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 10:46-да Малатия қаласынан шығысқа қарай 44 шақырым жерде болған. Жер сілкінісінің ошағы шамамен он шақырым тереңдікте дейді жергілікті басылымдар.
Түркияның Ішкі істер министрі Али Ерликаян, тиісті мекемелердің мамандары дүмпу орын алған аймақтарды зерттеп жатқандығын жеткізді.
«Біз жер сілкінісіне байланысты оқиғаларды мұқият бақылап отырмыз. Жер сілкінісі жақын маңдағы провинцияларда да сезілді», – деп жазды ол Х желісінде.
Зардап шеккендер мен қирандылар туралы ақпарат әлі түскен жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр Түркияда жойқын жер сілкіні тіркеліп, салдарынан 44 мыңнан астам адам ажал құшқан болатын.