Төтенше жағдай аймақтарынан барлығы 11 306 адам эвакуацияланды. Қазіргі таңда, уақытша орналастыру бекеттерінде 5 456 адам бар. Су шайып кеткен 40 автожолды, көпірді, 39 жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары бақылауға алынды. Көлік қатынасы тоқтап қалған елді мекендермен байланыс орнатылып, әкімдіктер азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қорларын дайындады.
Десе де, депутаттар мен жауапты қызметкерлер су басқан ауылдарды аралап, тұрғындармен тілдесіп, жағдайды бақылауға алған. Мәселен, Айна Мүсірәлімова мен Юлия Кучинская Ақмола облысындағы Қоянды кенті мен Көкшетау қаласында болып, су тасқыны жағдайымен танысты, жедел штабтарды аралап, өңір тұрғындарымен кездесті. Сонымен қатар, Мақсат Толықбай, Қазыбек Әлішев пен Асқар Садықов Ақтөбе облысына барды. Олар Қобда ауданының тұрғындарымен кездесті. Мақсат Толықбай ауылды су басу жыл сайын қайталанатынын атап өтті.
Бұл жерді былтыр да су алған. Былтыр да осы жерге келіп, үйсіз қалған тұрғындарға мемлекеттің көмегімен бірнеше үй алып бергенбіз. Биыл сол үйлердің шатыры ғана көрініп тұр. Барлығы судың астында қалды, – дейді депутат.
Айта кету керек, төтенше жағдайлар аймақтарындағы халыққа көмек көрсету тәулік бойы, оның ішінде әуе кемелерінің көмегімен жүзеге асырылуда. Жұмысқа 7 мыңнан астам адам, 2 мыңнан астам техника, оның ішінде су айдау құралдары, жүзу және әуе кемелері тартылды.