Әуежайда қызметкерді кепілге алып, шу шығарған азаматқа қатысты сот процесі басталды. Ол, өз кінәсін толығымен мойындады.
Күдіктінің айтуынша, үш ай бойы жалақысын ала алмай, қиын кезеңде жүрген. Сол уақытта, жұмыс іздеп көшеге шыққан.
Екі қолға бір күрек таппаған ол, автобусқа мініп, кері қайтпақ болады. Бірақ, жол бойы телефоннан жұмыс іздеп отырып, әуежайға қалай келгенін байқамай қалған.
Оның үстіне, әйелі мен ұлына жалақысын бермей жатқанын айта алмаған.
Соның салдарынан, әуежайда не істеп, не жасағанын білмейді. Айтуынша, ер адам сол сәтте эмоциональдық күйде болған.
Айта кетейік, айыпталушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру) қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, ол 261-баптың 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша (кепілге адам алу) айыпталып отыр. Бұл бап бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу қарастырылған. Бұдан бөлек, оған қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚК 293-баптың 3-бөлігі) айыбы тағылды. Бұл бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы халықаралық әуежайында 67 жастағы Машрапбек Баратов, қызметкерді кепілге алған болатын. Ол, пышақ ұстап, көпшілікке жақындамауды талап еткен.