Қызыл кітапқа енген “Грейг” қызғалдағын жұлған қыздың видеосы тарады. Кадр Ордабасы ауданы, Ұялыжар ауылдық округінде түсірілген екен. Тез арада жұмыс жасаған құқық қорғау орган қызметкерлері, 22 жастағы студент қызды анықтады. Қазіргі таңда ол азаматшаға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қыздың кінәсі деделденсе, 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 11 миллион 76 мың теңгеге дейінгі мөлшерде айыппұл салынбақ.
Бұдан бөлек, заңгерлердің айтуы бойынша, айыппұлдан бөлек әрбір гүлді жұлып алғаны үшін әкімшілік айыппұл төлеуге тура келеді, ол 0,5 АЕК – 1 458,5 теңге. Егер гүлді жұлған адам бұл қомақты соманы төлей алмайтын болса сот оны үш жылға бас бостандығынан айыруы мүмкін немесе қоғамдық жұмысқа тарту жазалары қарастырылған.
Айта кетейік, қызғалдақтар Қазақстан аумағында осыдан 11 миллионнан астам жыл бұрын пайда болған. Әлемде қызғалдақтың 3 мыңға жуық түрі бар болса, елімізде 35 түрі өседі. Оның тең жартысы – сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар гүлдер. Соның қатарында 18 түрлі қызғалдақ Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Олар:
– Биберштейн қызғалдағы;
– Альберт қызғалдағы;
– Борщов қызғалдағы;
– Грейг қызғалдағы;
– Зинайда қызғалдағы;
– Кауфман қызғалдағы;
– Колпаковский қызғалдағы;
– Қысқа аталық қызғалдағы;
– Леман қызғалдағы;
– Дарагүлдер қызғалдағы;
– Островский қызғалдағы;
– Кеш қызғалдақ;
– Жатаған қызғалдақ;
– Алакүлте қызғалдағы;
– Регель қызғалдағы;
– Күмәнді қызғалдақ;
– Шымған қызғалдағы;
– Шренк қызғалдағы.