Жедел жәрдемнің келуін ұзақ күту бойынша шағымдарға байланысты және шұғыл қызмет жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі емханалар жанындағы жеделділіктің 4-санатындағы шақыртуларға қызмет көрсететін мобилдік бригадалар жұмысының қағидаларына өзгерістер енгізеді.
Бұл өзгерістер ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді және азаматтардың 103 нөмірі бойынша шұғыл көмекке шақырту құқығын шектемейді.
Жеделділіктің 4-санатындағы шақыртулар пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қауіп жоқ, пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық араласуды қажет ететін жағдайларға қатысты.
Сонымен, 1 мамырдан бастап не өзгереді:
● емханалардың жанындағы мобилдік бригадалар жұмыс уақытында — 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейтін болады;
● өмірге қауіп төндірмейтін жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар (мысалы, жоғары қысым, температура, жеңіл жарақаттар) емханалардың жұмыс уақытында МСАК мобилдік бригадаларына қайта бағытталатын болады;
● 20: 00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуларға, соның ішінде 4-санатқа, бұрынғыдай, жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді.
Статистика көрсеткендей, жедел жәрдем шақыртуларының 50%-дан астамы жеделділіктің 4-санатына жатады және созылмалы аурулардың өршуіне байланысты.
Осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда жедел жәрдем қызметі 2, 1 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсетті. Ең көп өтініштер жеделділіктің 4-санаты бойынша тіркелді-763 463 шақырту, оның 518 мыңнан астамына МСАК мобилдік бригадалары қызмет көрсетті. 1-санат бойынша шақыртулардың саны 104 443, 2-санат бойынша — 642 312, 3-санат бойынша — 574 580 шақыртуды құрады.
Есепті кезеңде сәтті реанимация көрсеткіші 55,6%-ға дейін өсті, бұл шұғыл көмек көрсету ретіндегі оң динамиканы көрсетеді.