Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны көршісіне жақсылық жасаймын соңында қарызға кіріп кетті. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, бейтаныс біреу оның атынан «iPhone» ұялы телефонын алу үшін 900 000 теңгелік тауарлық несие шығарып алған. Яғни, келіншек банктен хабар келгенде, өзге біреудің несие алғанын біледі. Алаяқтың құрбаны болғанын түсінген әйел дереу полицияға арызданған. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.
«Тексеру жұмыстарының нәтижесінде осы қылмысқа қатысты күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғын, жәбірленушінің көршісі болып шықты. Ер кісі жәбірленушінің телефонын уақытша сұрай тұрып, тауарлық несие шығарған. Содан оны қолма-қол ақшаға айналдырып, оны өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі таңда жас жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтауда»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.