Жетісу өңірінде қарақұрт өрмекшісінің шағу деректері артып отыр. Облыс бойынша бүгінгі таңда қарақұрт шағудың 21 оқиғасы тіркелген. Бұл туралы облыстық ведомствоның баспасөз қызметі Бақ өкілдеріне хабарлаған.
«Зардап шеккендердің жетеуі – балалар, қалғандары ересектер», – делінген ресми мәлімдемеде.
Мамандар қарақұрттың шағуы адам өміріне аса қауіпті екенін ескертіп, табиғат аясына шыққанда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе ауылдық жерлерде, қора-қопсылар мен егістік маңында сақ болу қажеттігі айтылуда.
Алғашқы белгілер байқалған жағдайда (дененің күйіп ашуы, әлсіздік, жүрек соғысының жиілеуі, тыныс алудың қиындауы) дереу дәрігерге жүгіну қажет.
Төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау органдары алдын алу шараларын күшейтіп, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.