Курс валют:

      Түркістан облысындағы оқушылар адам шошырлық жағдайда білім алып отыр (видео)

      16 октября, 11:47

      ​Сайрам ауданы, Манкент ауылдық округіндегі «Айнабұлақ» негізгі орта мектебінің оқушылары адам шошытарлық жағдайда білім алуға мәжбүр, деп хабарлайды Elitar.kz.

      275 балаға арналған ғимаратта үш ауысымда білім алып келе жатқан 704 оқушы қыстың күні цемент еденнен өткен сыздан жиі ауырады. Мектеп асханасының жағдайы тіптен мүшкіл. Директордың орынбасары Мұқадас Рахатованың өзі асхана санитарлық талаптарға мүлдем сай емес деп отыр. Бірақ, амал жоқ. Балалар сонда тамақтануға мәжбүр.

      Бір қызығы, о баста төрт бөлмелі білім ошағы болып салынған мектеп аумағында 2001 жылы қосымша ғимарат салынады. «Ғимаратты мұғалімдер болып барлығымыз асарлатып салдық» деген директордың орынбасары белгісіз себептермен нысан сол кездегі директордың меншігіне өтіпті. Содан 1,24 гектар аумақты алып жатқан мектептегі 8 сотық жердегі нысанды мемлекет жалға алып отыр. Жердің басқа бөлігі мемлекет меншігінде. Айтпақшы, жалға беріліп отырған ғимараттың иесі қазіргі директор Азизбек Қорғановтың анасы. Неге екені белгісіз, «Айнабұлақ» мектебінің басшысы анасының меншігіндегі нысанды жалға алу үшін мемлекет айына неше қаржы төлейтінін нақты айта алмады. Тек шамамен 200-230 мың теңгенің көлемінде деп қысқа ғана қайырған ол мектеп проблемасын айтып, жергілікті билікке бірнеше рет хат та жаздық деп отыр. Керек десеңіз, жаңа мектеп салу үшін жер де қарастырылыпты. Оны тұрғындар беріп отыр. Яғни, оларды кезінде ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттен жалға алған жерін қайтарып беруге ауыл ақсақалдары көндіріпті.


      Негізгі орта мектепте жылы су деген атымен жоқ. Білім ошағы көмірмен жылытылады. Оқушылар жаздың күндері дене шынықтыру сабағын мектеп ауласында өтсе, ал қыстың күндері акт залы мен сынып бөлмесі спорт залын алмастырады. Өйткені мұнда арнайы зал жоқ.

      Интерактивті тақта, ғаламтор деген манкенттік оқушылар үшін әзірге қол жетпес арман болып отыр. «Балаларымыз қашан жағдайы жасалған мектепте білім алады? Біз де осы елдің азаматымыз. Балаларымыздың жақсы мектепте білім алғанын қалаймыз» деп ашынған тұрғындар жанайқайымызға құлақ асатын жан табылар ма екен деп алаңдаулы.

      Манкент ауылдық округінің әкімі «Айнабұлақ» мектебіне қатысты мәселемен жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтып, ағынан жарылды. Дәл қазіргі таңда жердің құжаты реттелуде екен. Шенеуніктің болжамы бойынша, 2020 жылға қарай жаңа ғимарат пайдалануға берілмек. Дәл қазір осы құжат жағы қолбайлау болып отырған көрінеді.