Атырауда түнгі клубтардың бірінің алдында жаға жыртысқандардың видеосы пайда болды. Оқиға таңғы сағат 05:58 шамасында Авангард ықшам ауданында орын алған. Ер азаматтардың төбелесін Жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметкерлері байқап қалған. Жедел түрде жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама беріліп, аталған екі азамат медициналық сараптамаға жеткізілді.
«Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша 1985 және 1996 жылы дүниеге келген екі азамттың жеңіл дәрежелі масаң күйде екендігі белгілі болды. 37 және 26 жастағы қала тұрғындарына Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігімен (ұсақ бұзақылық) әкімшілік хаттама толтырылды» деп атап өтті Атырау облысының полициясы.
Қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзу фактісі бойынша екі азаматқа қатысты сот шешімімен 15 315 теңге көлемінде айыппұл салынды.