Түркістан облысы Түлкібас ауданында автокөлік ұрлады деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды. Жәбірленушінің айтуынша, танысы таңғы сағат 5:30 шамасында оның “ВАЗ” маркалы көлігін заңсыз айдап кетіп, белгісіз бағытқа жасырынған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түлкібас ауданының учаскелік полиция инспекторлары автокөлікті ұрлады деген күдікпен бұрын сотталған, жергілікті тұрғынды анықтады.
«Белгілі болғандай, күдікті сол сәтте мас болған. Содан жеке тасымалдаумен айналысатын танысының көлігін күшпен тартып алып, қашып кеткен. Бұл жайт Қылмыстық кодекстің 200-бабы “Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу” бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.