Шымкентте 23 жастағы тұрғын үйіне досын қонаққа шақырамын деп қымбат ұялы телефонынан айырылып қалды. Оқиға күндізгі сағат 12:00 шамасында болған.
Жәбірленушінің айтуынша, туған ауылында бір сыныпта оқыған досы үйіне қонаққа келген. Алайда кетер кезінде «Iphone 13 PRO» маркалы ұялы телефонын жасырын түрде жымқырып кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі — 650 мың теңге.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жас жігіттің арызы Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.
Күдікті қала аумағындағы сату дүңгіршектерінің бірінде ұрланған телефонды сатпақ болған кезінде ұсталған. Ол Түркістан облысы, Шардара қаласының 23 жасар тұрғыны болып шықты.
«Ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындады. Ұрлыққа қаржыдан қиналғандықтан барғанын жеткізді. Байланыс құралы тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Күдіктінің басқа да осы тектес қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы анықталып жатыр. Тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді Полиция департаментіндегілер.