Бүгінде қыз-келіншектердің темір тұлпар тізгіндегені ешкімге таңсық емес. Ал көлік жүргізіп нәпақасын тапқан аналардың жөні бөлек, деп хабарлайды Elitar.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
23 жыл бойы күніне 200-ден астам шақырымды артқа тастап жолаушы тасып жүрген Гүлшара Жолдасбаеваны Маңғыстаудың ойында танымайтын адам аз. Ақ жаулығы желбіреп, ақ тұлпарды тізгіндеп 7 баланы өсірген Гүлшара Мыңбайқызы қазақ әйелінің қайсарлығын көрсететіндей. Оны тынымсыз еңбек адамы ғана емес, көптеген азаматқа үлгі болатын қаһарман тұлға деуге де келеді екен.
Гүлшара Жолдасбаева десе ешкім елең ете қоймауы мүмкін, ал «таксист Гүлшара» десе Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының Шетпе ауылы мен Ақтау қаласы арасына қатынайтын кез келген жолаушы таниды. Бәрі ризашылықпен ол кісі туралы әңгімелей кетеді. Өйткені Гүлшара 23 жылдан бері темір тұлпарын тізгіндеп, осы аймақта жолаушы тасып келеді. Кейіпкеріміз алғаш рет 1999 жылы 46 жасында алғаш рет көлікке отырған екен.
«Бұл өмірдің сан түрлі қиыншылықтары бар ғой. Бірақ оған мойып, морт сынып қалу деген болмайды. Қиын жағдайларға мен де тап болдым. Балалар кішілеу болды. Сүйенетін жолдасым да жоқ. Амалсыздан балаларды асырау үшін көлікке отырған едім. Басында ауылдың ішінде таксист болдым. Ол кезде мұндай қызмет түрі жоқ еді. Ауылдастарым таңқалатын еді. Содан 4-5 жылдан соң Шетпе-Ақтау тас жолына шықтым» деді Гүлшара Жолдасбаева.
Әйелдің көлік жүргізгеніне ауылдастары таңқалған. Сенімсіздікпен қарайтындар да кездескен. Ал қазір 15 жылдан бері келе жатқан тұрақты жолаушылары бар. Талай жыл тас жолда жүрген ол тәртіп бұзып, жылдамдықты асырып заңға тартылмаған. Сенімді жүргізуші мезгіл таңдамайды. Таң сәрі демей, түн демей жүре береді. Жүкті келіншекті облыс орталығындағы босану үйіне, асыққан жолаушыны аэропортқа жеткізген кездері аз болмапты.
«Таксист болып тапқан табысыма 7 баламды асырап бақтым. Ешқайсысын қатарынан кем қылмадым. Ал жолдың қауіп-қатері көп. Кейде шаршап та жүрдім. Техника болғасын істен шығатын, жөндеп үйрендім» деді қасқайып Гүлшара.
Гүлшараның азаматтардай жігерілілігін, қажырлылығын айналасының бәрі мойындайды. Оның адамның жанын түсінетін мейірімділігі, кісінің көңіліне қарайтын кішіпейілділігі, жолаушыны жолынан қалдырмайтын жауапкершілігі де бар. Танитындар таксист апайды осы қасиеттері үшін ерекше сыйлайды.
«Мен неше түрлі көңіл күйдегі адамдармен сапарлас боламын. Сондықтан да әбден психолог болып алған сияқтымын. Қиналып отырған жолаушыға сәл де болса моральдық қолдау көрсетіп, ал қуанып келе жатқандардың көтеріңкі көңіліне ортақтасып отырамын. Көлігімде көбінесе Шәмшінің әндерін қосып қоямын, мағынасыз-мәнсіз дүниелерді тыңдамауға да, тыңдатпауға тырысамын», деп өзінің патриоттық көзқарасын да жеткізіп қойды.
Гүлшара Жолдасбаеваның олай етуі орынды-ақ. Өйткені ол өнер ордасы атанған Жыңғылды ауылының тумасы. Күйші, халық композиторы Есір Айшуақұлының ұрпағы. Әкесі Мыңбай да 1957 жылы Мәскеудегі Жастар мен студенттердің бүкілдүниежүзілік VI фестиваліне қатысқан атақты күйші болған.
Ұл-қыздарына ұлттық тәрбие беріп, елін, отанын сүюге баулыған. Ал өзі қызметін адал атқаруға тырысады. 23 жыл жолда жүргенде ол 5 көлік ауыстырған. «Жигули 2106», «Москвич 412», «Опель» автокөліктерін тізгіндесе, қазір «Nissan Primera» маркалы көлікті айдап жүр. Бір қызығы, ол механикалық көлік құралдарын ғана басқарады.
«Жасым 70-ке жақындады. Әлі де жолдамын. Балаларым есейді, қазір бәрі жеткілікті. Бірақ осы кәсіпке деген сүйіспеншілігім мені үйде отырғызбайды. Автовокзалда жиналған таксистердің ішіндегі ең үлкені менмін. Олар мені кезексіз өткізіп жіберіп жатады. Азаматтар сыйлайды» дейді ол.
Гүлшара 3 ұл, 4 қыз сүйген бақытты ана. 9 немере, 13 жиен, 1 шөберенің сүйікті әжесі. Жас ұлғайғанда темір тұлпар тізгіндеп ұзақ жолдан оралғанда оның шаршауын басатын – үйдегі кішкентайлар. Тағдырдың талқысымен ерлердің кәсібін меңгерсе де, ол өз өміріне өкпелеп көрген емес.
«Ер-әйел дейтін ештеңесі жоқ, әркімнің өзінің жігері, талабы жүрегінде. Қорықпау керек, жүрегің не дейді, соны жасау керек. Өзің таңдаған жұмысыңды адал істеуің керек. Ниет болса, жұмыс көп. Қол қусырып, көрінгенге өкпелеп отыруға болмайды. Еліміз тыныш болсын. Ұрпақтарымыз аман болсын!» деді.