Шымкент қаласындағы жұмыс сапары аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қала жұртшылығымен және кәсіпкерлермен кездесулер өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
«Mega Smart B2B» ЖШС ғимаратында өткен басқосуда кәсіпорын қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру, зауыттың инвестициялық тартымдылығын арттыру және экспорт географиясын кеңейту мәселелері ортаға салынды.
Жиында аталған зауыттың кадр қызметінің жетекшісі Кәмила Жарқынбекова жалақысы төмен деңгейдегі қызметкерлер үшін тұрғын үй бағдарламасы қажет екендігін алға тартып, осы бағытта нақты қандай қолдау көрсетілетінін сұрады.
Өз кезегінде министр бүгінде тұрғын үй мәселесі көптеген қазақстандықтар үшін басты мәселе екендігін атап өтіп, бұл бағытта мемлекет тарапынан ерекше маңыз беріліп отырғанын айтты.
«Халықтың әлеуметтік осал топтарын мемлекеттік тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар бағдарлама қабылдануда. Алдағы уақытта жұмыс істейтін азаматтар үшін де тиімді тұрғын үй бағдарламасын қарастыратын боламыз», – деді Қ. Өскенбаев.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы Шымкент қаласының Абай ауданының тұрғындарымен де жүздесті. Саладағы түйіткілді мәселелерді оңтайлы шешу және аймақ тұрғындарының ұсыныс-тілектерін тыңдау мақсатында ұйымдастырылған жиынға жергілікті атқарушы орган өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері қатысты.
Мегаполис тұрғындарының алдында сөйлеген сөзінде ҚР ИИДМ басшысы еліміздің экономикалық тұрғыдан өркендеуінде Шымкенттің елеулі рөл атқаратынын атап өтті. Бүгінде қаладағы индустриялық аймақтарды дамыту, өндіріс секторы мен қала инфрақұрылымын жетілдіруге мемлекет тарапынан үлкен маңыз беріліп келеді.
«Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болғаннан бері мұнда көптеген жүйелі жұмыстар нәтижелі іске асырылуда. Атап айтқанда, осы жылдар аралығында шаһардағы өнеркәсіп өнімі 65 пайызға артып, жалпы аумағы 2 жарым миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл жұмыстардың барлығы мемлекеттің тиімді қолдауы мен бизнес-қауымдастықпен өзара әріптестік шеңберінде атқарылды», – деді Қайырбек Өскенбаев.
Кездесу барысында тұрғындар көлік-логистика және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, автожол, шағын және орта кәсіпкерлікті ашу бағыттарындағы ұсыныстарын жеткізіп, осы тараптағы күрмеулі мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар жиында кәсіпкерлер өнеркәсіптік жобаларға инвестиция тарту, өндірілген тауарларды экспортқа шығарудың тиімді жолдары турасындағы сауалдарды қойды. Министр жұртшылықтың сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап беріп, ұсыныстардың жіті назарға алынатынын жеткізді.