Жамбыл облысы Байзақ ауданының полиция бөліміне 52 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, Жетібай ауылына іргелес аумақта орналасқан жайылымдық алқаптан белгісіз адам 18 бас қойын ұрлап кеткенін айтан. Оған 1 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Тараз қаласының 30 жастағы тұрғыны қойларды сату үшін алып бара жатқан сәтте ұсталды. Оның айтуынша, иесіз жайылып жүрген малды көріп, ең ірілерін таңдап алған. Содан жайылымнан 2 шақырым жерде орналасқан қамысқа айдап әкетіп, қараңғы түскенін күткен. Кейіннен жас жігіт малды тасымалдау үшін көлік жалдап, қойлардың бір бөлігін әрқайсысы 40 мың теңгеге сатып үлгерген.
«Осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 188-1-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті кінәсін мойындады»,-делінген Жамбыл облыстық Полиция департаментінің мәліметінде.