Оқиға бүгін, 20 қазан күні сағат 10.51 шамасында Шымкент — Самара тас жолында болған. Бұл туралы Ордабасы аудандық полиция бөліміне хабар келіп түскен.
ІІМ-нің Telegram-каналындағы ақпаратқа сүйенсек, Nissan Elgrand автокөлігінің жүргізушісі Түркістан қаласына қарай келе жатып, өзімен бір бағытта қозғалып бара жатқан Merсedes Benz жүк көлігіне, одан соң жол ортасындағы қоршауға соқтығысқан. Көлік сол жерде өртенген.
Салдарынан Nissan Elgrand көлігінің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Бір жолаушы ауруханаға жатқызылған.
Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 345-бабы (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тіркелді. Сараптамалар тағайындалды. Екі автокөлік те айыптұраққа қойылды.