Бүгін Мемлекет басшысы Жетісу өңірінде жұмыс сапарымен болып, облыс жұртшылығымен кездесу өткізді, жаңадан құрылған өңірді дамыту бойынша бірқатар маңызды міндеттерді белгіледі. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы өңірдегі қант зауытын тезірек толық іске қосу қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Elita.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Биыл жазда елімізде қант бірден қымбаттап, тіпті, тапшылық туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығының кесірінен болды. Мұндай пікірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жетісу жұртшылығымен кездесуде айтты.
«Еліміздегі 4 қант зауытының екеуі Жетісуда орналасқан. Оның біреуі – Ақсу қант зауыты жұмыс істемей тұр. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап облыстық бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Алайда, серіктес инвестор тарапынан серпінді жұмыс байқалмай отыр. Биыл жазда елімізде қант бірден қымбаттап, тіпті, тапшылық туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығының кесірінен болды. Тіпті, тиісті кадрлық шешімдер қабылдауымызға тура келді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленген. Оған 500 миллиард теңгеге жуық инвестиция салу көзделіп отыр.
Алдағы 5 жылда өзіміз өндіретін қанттың үлесі 7 пайыздан 43 пайызға дейін өседі.
«Жетісу облысында қант қызылшасы егілетін аумақты 2,5 есе ұлғайтып, 15 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы қант тапшылығы мәселесі өзіміздің шаруаларды қолдау өте маңызды екенін көрсетті. Жәрдем шаралары тек қазақстандық фермерлерді қолдауға арналған. Жалпы, біз отандық агро секторды қолдау жұмыстарын одан әрі жалғастыра береміз. Соның арқасында Жетісу өңірі еліміздегі қант өндіретін орталықтың біріне айналады», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмыс істеуі бойынша тапсырмалар берді. Оның айтуынша, өңірдің және жалпы еліміздің экономикалық әлеуетін елеулі түрде арттыра алатын тағы бір қадам Қытай стандарттары бойынша аккредиттелген зертхана құру болуы мүмкін.
Сондай-ақ Қ.Тоқаев Үкіметке Жетісу өңірінде заманауи шаңғы-биатлон кешенінің құрылысын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол жаңа чемпиондарды дайындайтын базаға айналып, өңірдің туристік тартымдылығын арттырады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жетісуға медициналық нысандарды күрделі жөндеуден өткізуді қаржыландыруды тапсырды. Биыл облыстың алты ауданындағы шалғайдағы шағын елді мекендерде медициналық пункттерге арналған 12 модульдік кешен салынады. 2024 жылға қарай тағы 40 ауылда осындай нысандар пайда болады.
Бұл ретте Мемлекет басшысы өңірдегі бірқатар денсаулық сақтау мекемелері күрделі жөндеуді қажет ететінін айтты. Бұл Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасы, Ақсу және Кербұлақ аудандарындағы облыстық ауруханалар.
Сондай-ақ, Президент облыста жалпы өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуіне қарамастан, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім саны артып отырғанын атап өтті. Сондықтан Талдықорған қаласындағы онкологиялық диспансердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржы бөлу қажет. Бұл ретте онкологиялық аурулардың профилактикасы мен диагностикасын күшейту, науқастардың дер кезінде емделуі мен қажетті дәрі-дәрмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды, деп атап өтті.
Талдықорғанда ірі шетелдік технологиялық университеттің филиалы ашылады деп жоспарлануда. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу өңірінің жұртшылығымен кездесуінде айтты.
Бұл ретте Мемлекет басшысы жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітім көрсеткішін жан түршігерлік деп атап, Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық тас жолды жөндеуді кезек күттірмейтін міндет деп атап көрсетті.