Ағымдағы жылдың 9 айында қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы түрінде 327 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Ал бір ғана қыркүйек айында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 28,8 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша — 7,2 млрд теңге бөлінді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 қазандағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны – 534,6 мың, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – 156 мың адамға жеткен.
«Мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адам санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады. 1 қазандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 53 802 теңгені құрады. Ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін жәрдемақы – 46 328 теңге» делінген ведомство мәліметінде.