Атырау облысы, Жылыой ауданының тұрғындары Ақкиізтоғай ауылының бір көшесін өз күштерімен жарықтандырды. Ғани Мұратбаев атындағы көшесінде енді 20 дана бағандармен 20 дана консольді күннен қуат алатын жарық құрылғылары орнатылды. Тұрғындар мұны Теңізшевройл ЖШСнің қаржылық қолдауымен Әлеуметтік Инвестициялар Бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Qogamdyq Kenistikter» жобасының бір бөлігі ретінде іске асырған.
Тұрғындардың айтуы бойынша, Ақкиізтоғай ауылының көшелері бұрын жарықпен толықтай камтылмаған болатын. Қараңғы түскен мезгілде, әсіресе, қыста тұрғындарға, мектеп оқушыларына осы көшелермен жүру қиын болған. Енді бұл мәселені өздері қолдарына алып, шешімін тапқанына қуаныштары шексіз дейді туған ауылының көркеюіне ат салысып жатқан «Жарық көше» жобасының жетекшісі Армангүл Ақмұрзиева.
«Ауылдық жер болғасын, адамнан бөлек көшелерімізде ірі-қара мал да жүреді. Қараңғыда көшеде кім өтіп бара жатқанын байқамайсың, көлік жүргізушілерге де, жаяу жүргіншіге де, малға да қауіп болды. Алайда «Qogamdyq kenistikter» бағдарламасының арқасында көршілер арасынан ынталы топ құрып , осы күнге дейінгі бізді мазалаған мәселенің оң шешімін таптық «Жарық көшеміз» бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының сүйікті көшесіне айналып үлгерді», — деді жоба жетекшісі Ақмұрзиева Армангүл.
Ал 3,5 мыңнан астам тұрғыны бар Тұрғызба ауылында жергілікті тұрғындарының бастамасымен мерекелік іс шаралар өткізетін сахна жаңартылды. Ынталы топ өкілдері ескі сахнаны бұзып, оның орнына ұзындығы 10 м, ені – 5 м, биіктігі 4.5 метрді құрайтын стандартқа сай жаңа сахнаны салды.
«Ескі сахнамызды да кезінде ауыл жастары өз қаражаттарына да салып еді. Оның ұзындығы 6.5 м ені 3.5 м биіктігі 3м болатын. Алайда ол стандартқа сай болмай, тез істен шығып кетті. Сол сахна болмағанда мектеп не әкімшілік ғимараты ауласында тіпті кей кездері көліктердің прицептерінде де концерттерді қойып жүретін кез де болды. Бүгін, міне, ауылдастармен жиналып, жаңа стандарттарға сай сахнаны салып отырмыз» — деді жоба жетекшісі Ағылов Мұратбек
Тұрғызба ауылында сахнамен қатар ойын алаңы ашылып, 50-ге жуық бүлдіршіннің бос уақытын қызықты да пайдалы өткізуіне үлкен мүмкіндік сыйлауда. «Балаларымыз көз алдымызда ойнап жүретін болды, бұндай жобалар біздің ауылымызға өте жақсы әсерін тигізуде» деді «Жаңа әлем» жобасының жетекшісі Гүлфайрус Бекболатова.
Дәл осы күні Қосшағыл ауылында да «Қуаныш» деп аталатын ойын алаңының лентасы қиылып, балалардың игілігіне берілді.