Осы жылдың 9 айында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ел өңірлеріндегі жолдарға 10 мыңға жуық тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 5,1 мың олқылықтарды анықтады, деп хабарланған ҚР ИИДМ сайтында.
Сондай-ақ, жол-құрылыс материалдарының 23 мыңнан астам үлгілері іріктеліп, сынақтан өткізілді, оның 8 мыңы республикалық желіге, 15 мыңы жергілікті желіге тиесілі.
Оның ішінде 5,6 мың материал сынамалары немесе 24% белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келмеді. Республикалық желі бойынша 12% (1016), жергілікті желі бойынша 30% (4598) сәйкессіздіктер анықталды.
Нәтижесінде мердігерлердің өз қаражаты есебінен 2 миллиард теңгенің жұмысы қайта жасалынды.
Сапа орталығы жосықсыз компанияларға қатысты облыстық мемлекттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларына 100-ден астам өтініш жолдады. Нәтижесінде бүгінгі күні 18 жағдайда техникалық қадағалау мамандарының аттестаттары тоқтатылып, 2 мердігер құрылыс жұмыстарын жүргізу лицензиясынан айырылды, техникалық қадағалау қызметтері мен мердігерлерге салынған айыппұл сомасы 29,3 млн.теңгені құрады.
Еске сала кетейік, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде 2019 жылы 16 «ОблЖолЗертхана» РММ біріктіру арқылы құрылған болатын. Оны құрудағы мақсат – жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау.