Жамбылда Сарысу ауданының полиция бөліміне Саудакент ауылының тұрғыны 37 жастағы қарындасының жоғалып кеткені туралы айтып, көмек сұраған. Әйел азаматы үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, жақындарымен байланысқа шықпаған. Ол 2011 жылдан бастап психикалық диспансер орталығында есепте тұрады. Хабарламадан соң Сарысу аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы шұғыл түрде дабыл бойынша көтеріліп, жоғалған әйелді іздеуге жұмылдырылды.
Polisia.kz жазуынша, іздеу жұмыстарына волонтерлер мен жергілікті тұрғындар, аудандық төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері де қосылды. Іздестіру шаралары Сарысу ауданының елдімекендерінде ғана емес, шекара маңындағы ауылдардың аумағында да жүргізілді. Көшелер, үйлер, аулалар, қараусыз қалған ғимараттар мен жертөлелер, жолдың бойлары да тексерілді. Жоғалған әйел 5 күннен кейін жазық далада ауыр жағдайда табылды. Есін білгенімен, суық пен аштықтан әбден қажып, әлі құрыған. Сол жерде оған медициналық көмек көрсетілді.