Алматы полициясы ойын-сауық орталықтарының бірінде болған төбелестің видеосы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы ІІМ-нің Telegram-каналы жазды.
«Алматы қалалық Полиция департаменті хабарлағандай, бұл деректі қазір Бостандық аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімі тексеріп жатыр. Екі тарап та полицияға арызбен жүгінді. Ойын-сауық орталығы қызметкерінің алған дене жарақатының ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Материал ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-1 бабы бойынша тіркелді», — делінген ведомство мәліметінде.
Еске салсақ, бұған дейін журналист Михаил Козачков Telegram-каналында ойын-сауық орталығындағы төбелестің видеосын жүктеп, бейнежазбадағы ер кісінің бірі отандық продюсер әрі оператор Азамат Дулатов екенін жазған. Ол «Сабина Келинка», «Құдалар», «Побег из аула» фильмдерін түсірген.
Видеодан продюсердің ойын-сауық әкімшісіне қол көтергенін көруге болады. Жанжал соңы жаға жыртысуға ұласады.