Қазақстанда жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған көлік апаттарының 47% Шымкентте орын алған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты.
Ведомство басшысының мәліметінше, жол-көлік оқиғасының 75%-ы жаяу жүргіншілерді қағып кету деректері тіркелген. Салдарынан болған өлімнің 28%-ы елдімекендерде орын алған.
Polisia.kz жазуынша, жалпы жаяу кісілермен болған апаттардың ең көп үлесі Шымкент (47%), Алматы (30%), Астана қалалары (6%), Алматы облысы(15%), Жамбыл (9%), Түркістан (5%), Маңғыстау облыстарында (4%) болған.
«Бұл көбінесе тротуардың, жаяу жүруге арналған жолдардың, жарықтың жоқтығына байланысты. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұл мәселе тез арада шешілуі керек», – деді министр.
Еліміздің бас полицейінің дерегінше, жыл сайын Қазақстанда 13 мың жол-көлік оқиғасы орын алады. 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мың адам жарақат алуда.
«Мысалы, биыл жол көлік оқиғасы – 14%-ға, қаза тапқандар – 18%-ға, жарақат алғандар – 13%-ға өскен. Әсіресе, Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жол апаты деңгейі жоғары. Қазақстан бойынша барлық көлік оқиғасының 56% пайызы, жарақат алғандардың 55% пайызы және қаза тапқандардың 41% пайызы дәл осы өңірлерде тіркелген», — деді Марат Ахметжанов.