Түркістанда облысындағы Жетісай ауданында ломбард тоналды. Полицияға ломбард қызметкері арызданды. Оның айтуынша, жұмыс орнына кешкі уақытта басына жаздық бас киім мен бетіне медициналық бетперде тағып алған белгісіз біреу кіріп, қарумен қорқытып, ақша талап еткен. Үрейі ұшқан жәбірленуші сол мезетте күдіктіге кассадағы 1 миллион 200 мың теңгені ұстата салған. Оңай олжалы болған сезікті оқиға орнынан ізін суытқан. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеді.
«Қылмысты ашу үшін жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына шұғыл жетті. Бірнеше күн ішінде бейнебақылау камерасындағы жазба арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Тәртіп сақшылары сезіктіні тұрғылықты мекенжайынан ұстап, полицияға жеткізді. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты. Ал айғақты зат ретінде күдіктінің пневматикалық тапаншасы алынды. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер.
Күдікті тонау әрекетіне бармас алдын аудан орталығындаы бірқатар ломбардтарды бақылап шыққан. Содан жәбірленуші тараптың ломбарды кешке дейін істейтіндігін біліп, аталмыш алтын қабылдау орнын тонауды діттеген. Барынша қараңғы түскенін пайдаланған бұл әрекетке ақша қажет болғандықтан барған екен.