Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында өз оқушысымен бірнеше рет жыныстық қатынасқа түскен мұғалімге сот үкімі оқылды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, педагог Қылмыстық кодекстің 122-бабының 3-бөлігі, 1- тармағымен (16 жасқа толмаған адаммен бірнеше рет жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекет жасау) кінәлі деп танылды. Оған екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сотталушыға педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Сотта ұстаз өз кінәсін мойындаған және мұндай қадамға оқушысымен шаңырақ көтеру мақсатында барғанын айтқан. Жәбіренуші тарап кешірім берген.
Еске салсақ, қоғамдық резонанс тудырған оқиға туралы мамыр айында белгілі болды. Информатика пәнінің мұғалімі қамауға алынбай тұрып оқушысына үйленгені туралы видеомәлімдеме жасап, оны Facebook парақшасында жариялады.
Шулы оқиғадан кейін мұғалім жұмыс істеген мектептің бірқатар қызметкері жазаланды. Бұл туралы Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасындағылар айтты.
«Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Н.Тугашев, А.Хайтметов және педагог-психологтар З.Исаметова, М.Хикматов атқарып отырған лауазымдарынан, ал оқушы қыздың сынып жетекшісі У.Хикматов атқарып отырған қызметінен босатылды. Ал директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары У.Сарыбаевқа және келеңсіз оқиға болған уақытта мектепте кезекші болған мұғалімдер М.Акрамова, Г.Хасанова, М.Камалдинов және М.Худайназароваға «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік шара қолданылды. Мектеп директоры денсаулығына байланысты демалысқа шыққан. Директордың мәселесі еңбекке жарамсыз парағын әкеліп, жұмысқа шыққан соң бір-ақ қаралатын болады» делінген басқарма хабарламасында.
9 қыркүйекте мектеп директоры жұмысынан босатылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.