Биыл әлеуметтік осал санаттағы 75 мың бала колледжде оқуға грант алып, былтырмен салыстырғанда жеңілдікпен оқуға түскендер саны 25 мыңға артты. Бұл квота санаттары тізбесін кеңейтудің арқасында мүмкін болды. Оқуға түскендердің 1 101-і ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер.
Биыл колледждерде жалпы саны 125 мың грант бөлінді. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
«Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім берумен 100% қамтуды жоспарлап отыр. Ал биыл тегін оқығысы келетіндер үшін квоталардың тізімі кеңейтілді. Көпбалалы отбасы балалары үшін 5% квота, толық емес отбасы балалары үшін 1% (осы мәртебеге үш жылдан кем болмауы керек) ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы балалары үшін 1% квота қосылды. Соның арқасында жаңа оқу жылында квота санатына 75 мың талапкер түссе, оның 1 101-і ерекше білім беруді қажет ететін балалар. Колледждерде жайлы жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.
Айта кетейік, биыл қазақстандық колледждерге барлығы 183 мың бала оқуға түсті. Олардың ең көп таңдаған салалары – құрылыс, білім беру, туризм, қонақ үй бизнесі және т.б.