Алматы облысында «Жетіген-Құрөзек» аралығында жүк пойызы бір отар қойды қағып кетті. Оқиға бүгін, 12 қыркүйек күні сағат 01.24-те болған.
«Пойыз машинисі темір жолдан өтіп бара жатқан бір отар қойды байқап, шұғыл тежеу қолданған. Алайда қақтығыстың алдын алу мүмкін болмаған. Соның салдарынан 530 бас қойдың 123-і пойыз астына түсті. Пойыздың тұрағы 13 минутты құрады», — деді Көліктегі Полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев.
Оқиға орнына Алтынкөл станциясындағы Желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері бірден жетіп, жүргізілген іс-шаралар барысында малдың иесін анықтады. Ол Алматы облысы, Туғанбай ауылының 36 жастағы тұрғыны болып шықты.
Аталған азамат ҚР ӘҚБтК 559-бабының 1-бөлігі, яғни темiр жолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.