Түркістан облысындағы Кентау қаласында бойжеткен тапа-тал түсте көршісінің үйіне ұрлыққа түсті. Полицейлердің мәліметінше, ол күндізгі уақытта көршілері үйде болмайтынын біліп, үйдің платстик терезесін арнайы құрал арқылы ашып алған. Содан кейін қолына ілінген бағалы заттарды алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Атап айтқанда, жатын бөлмедегі шкаф ішінен алтын екі жүзік екі сырғаны қолды еткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 400 000 теңге. Ұрланған алтын бұйымдарды ломбардқа өткізіп, ақшасын өз пайдасына жаратып үлгеріпті.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды. Ақпарат алысымен жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Куәлардан жауап алынды. Бейнебақылау камералары мұқият қаралды. Нәтижесінде жедел ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталды. Ол жәбірленуші әйелдің көршісі, бойжеткен қыз болып шықты. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда» деп атап өтті Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер.