Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай «Ұлттық қор – балаларға» жобасына қатысты түсінік беріп, балалардың шотына қанша ақша аударылатынын айтты. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.
«Президенттің бастамасымен Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады» деп жазды Президент баспасөз хатшысы.
Руслан Желдібайдың мәліметінше, норма күшіне енген кезде 18 жасқа толмаған барлық баланың атына арнаулы шот ашылады. Олар кәмелеттік жасқа толғанша қаржы түсіп тұрады.
«Шоттардағы қаражат шетел валютасында болатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар жинақ бойынша пайыздар есептеледі. Бұл шаралар шоттағы қаржыны инфляция қорғауға мүмкіндік береді» делінген жазбада.