2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар бала күтіміне байланысты берілетін төлемді 1,5 жыл бойы алады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында айтты.
«Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгеріс енгізу керек. Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады»,-деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтілетінін мәлімдеді.
«Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік береді. Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ. 2023 жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі. Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын-ала жасалады» деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.