Шымкентте мектеп мұғалімінің өлімі бойынша күдікті ұсталды. Бұл туралы ІІМ-нің Telegram-каналы ақпарат таратты.
26 маусымда Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ-на жедел жәрдем бригадасынан 30 жас шамасындағы әйел кісінің мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барған кезде мәйіт 32 жастағы азаматшанікі екендігі анықталған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігімен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) СДТТБТ-ға тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Қылмыстық іс бойынша 38 жастағы азамат күдікті ретінде танылып, оған қатысты сырттай күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы таңдалып, іздеу жарияланған.
Еске салсақ, бұған дейін марқұмның анасы қызын күйеу баласы ұрып өлтіргенін айтып, Президенттен көмек сұраған болатын. Оның айтуынша, оқиға мұсылманша неке қиылған түні болған.
Марқұм әйел Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстазы болған.