Елімізде сары май өндірісі былтырғыға қарағанда 12,6% азайып, есесіне оның құны 15%-ға шарықтады. Әсіресе Маңғыстау өңірінде баға қатты өскен.
Energyprom.kz жазуынша, Қазақстанда қаңтар-шілде аралығында 13,9 мың тонна сары май өндірілген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 12,6%-ға кем. Бұл ретте бір жыл бұрын сектордағы шығарылымның өсуі тиісті кезеңде бірден 31,9%-ды құрады.
Қаңтар-мамыр аралығында отандық өндірушілер сары майға деген сұранысты 71% ғана қамтамасыз ете алған. Былтыр бұл көрсеткіш 83,6% болған. Демек, сары май өндірісі бір жылда 12%-ға қысқарған. Ал импорт бірден 83,5% артқан.
Өнімді ішкі нарықта сату ағымдағы жылдың қаңтар–мамырында 19,9%-ға артқан. Яғни, 12,5 мың тоннаға дейін өсті. Экспорт осы кезеңде керісінше 4 есеге жуық (541,5 тоннаға дейін) қысқарған.
Шілде айының қорытындысы бойынша тұздалмаған сары майдың бағасы бір айда 1,2%-ға, бір жылда 17%-ға өскен. Ал жыл басынан бергі өсім 14,7%-ды құрап отыр.
Тұздалмаған сары майдың республикадағы орташа бағасы келісіне — 3,3 мың теңге. Ірі қалалар арасында Павлодарда сары май бағасы келісіне 2,7 мың теңге болса, Атырауда 4,3 мың теңгеге дейін жеткен.
Жыл басынан бері бағаның қатты қымбаттауы Маңғыстау облысында байқалған. Мұнда өнім құны бірден 29%-ға қымбаттады. Одан кейін Шымкент қаласы (26,7%) мен Жамбыл облысы (26,4%) тұр. Ал Нұр-Сұлтан (3%) қаласы мен Алматы (5,6%) және Павлодар (7,2%) облыстары сары май құны мейлінше аз өскен өңірлердің үштігінде.