Түркістан облысы, Отырар ауданы, Ақтөбе ауылының 84 жастағы тұрғыны Әжекбар Қорғанбеков жерлестерін қуантты. Зейнеткер жаяу жүргіншілер көп жүретін «Ақтөбе» каналының бойына шағын көпір салып берді. Каналдың екі жағасын жағалай отырған тұрғындар бұған дейін ескі көпірден өтіп, мектепке баратын балаларының жағдайына алаңдап келген еді. Аталған көпірден отыздан аса отбасының 60-қа жуық баласы мектепке барып-қайтады.
Көпірдің лентасы қиылып, тұрғындар осы өнегелі ісімен елге сыйлы болған Әжекбар қарияға алғыстарын жаудырды.
Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде 84 жасқа толып отырған Әжекбар Қорғанбеков ұзақ жылдар бойы механизатор болып еңбек еткен. Бейнетінің зейнетін көрген абыз ақсақал көпірді салу мәселелесі көтерілгенде қарап отыра алмағанын, туған елге, туған жерге азаматтық парызын осындай өнегелі істерімен өтеуді жөн санағанын айтады.
«Халық көпірдің игілігін көрсін, еліміз өркендеп, ауылдарымыз көркейе берсін», – дейді қария.