Түркістан облысындағы Ордабасы ауданында танысының азық-түлік дүкеніне келген жас жігіт 10 қап шекерді сатып алып, бірақ ақшасын төлемеген. Ол сатушыға ұялы телефоны арқылы аударым жасағанын айтып, жалған түбіртек көрсеткен. Дүкен иесі бірден полицияға шағым түсірген. Жәбірленушіге келген шығын көлемі — 186 000 теңге.
«Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті жас жігіт анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Анықталғандай, күдікті оңай олжалы болуды көздеген. Жас жігіт алдын ала көлігіне 10 қап шекерді апарып салып алып, соңғы қапты алғанда кассаға жалған түбіртек көрсеткен. Ал қаптағы шекерді сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.