Павлодар облысында ішіп алған 24 жастағы тұрғын мемлекетке тиесілі қызметтік көлікті айдап жүрген. Полицейлердің мәліметінше, оның көлік жүргізу куәлігі де болмаған.
«Успен ауданының тәртіп сақшылары сағат 04:19 шамасында Ольгино ауылында мас күйде болған 24 жастағы жас жігіттің басқаруындағы көлікті тоқтатқан. Көлік ауданның мемлекеттік мекемелердің біріне тиесілі болған. Оның спирттік ішімдік ішкені медициналық тексеру кезінде расталды. Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екені белгілі болды», –деді аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Арман Ашренов.
Жас жігіт өзінен жауап алған полицейлерге түнде үйдің ауласында тұрған көлікті сұрамай айдап кеткенін айтқан. Әкесі ауданның мемлекеттік мекемелерінің бірінде жұмыс істейтінін, ал бұл автомобиль қызметтік болып табылатынын атап өткен.
Ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБК 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, көлік айып тұрағына қойылды.