Түркістан облысы, Сайрам ауданында тұратын әйелді ауылдасы алдап соқты. Оның айтуынша, танысы 3 млн теңге несиеңді бар болғаны 380 мың теңгеге жауып беремін деп сеніміне кіріп, ақшасын алған. Арада 5 айдан аса уақыт өтсе де берген уәдесін орындамаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Облыстық Полиция департаментіндегілердің мәліметінше, күдікті ер адам ұсталды.
«Күдікті мен жәбірленуші ауылдастар. Күдікті жәбірленушінің бірнеше банкте берешегі барын білген соң таныстары арқылы көмектесе алатынын айтқан. 3 млн теңге берешегі бар-жоғы 380 мың теңгеге ертесі күнгі кешке дейін жабылатындығын айтып, оның жеке куәлігінің көшірмесімен қоса алып кеткен. Алған ақшаны жаратып жіберген. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» делінген департамент ақпаратында.