Түркістан облысы, Түлкібас ауданы аумағында такси жүргізушісінен 10 келіден астам есірткі заты табылды. Полицейлер «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық шара кезінде «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» тас жолында «Ауди С4» маркалы көлігін тоқтатқан. Көлікті тінту барысында автокөлік салонынан ішінде есірткіге ұқсас заты бар 1 қап пен 1 полиэтилен пакет табылған. Сараптамаға сәйкес тәркіленген есірткі жалпы салмағы 10 келіден асатын «кептірілген марихуана» болып шықты. Жүргізуші қамауға алынды.
«Қазіргі уақытта күдіктінің үстінен ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады» делінген облыстық Полиция департаменті ақпаратында.
Такси жүргізушісі бұрын сотты болған екен. Жеке көлігімен жолаушы тасымалдаумен айналысатын ол Жамбыл облысының тұрғыны.