Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болды. Оған танысы ішкі істер органдарына жұмысқа тұрғызып беремін деп 1,5 миллион ақшасын алып, сол күйі хабарсыз кеткен. Өзінің жерлесінің уәдесін күте-күте шаршаған жігіт ақыры полицияға шағым түсірген.
«Жәбірленушінің айтуынша, танысы ішкі істер органына жұмысқа тұрғызып беретінін айтқан. Және ол үшін 1 500 000 теңге қаражат алған. Алайда жәбірленуші күдіктіден бүгінгі күнге дейін уәде етілген жұмысты да, не өз ақшасын да ала алмаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдікті деп танылған жергілікті тұрғынды анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Орта жастағы ер кісінің еш жерде жұмыс жасамайтыны анықталды. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы тексерілуде», — делінген Түркістан облыстық Полиция департаменті берген мәліметте.